
Ақмола полицейлері мас күйінде болған Егіндікөл ауданының тұрғыны тарапынан отбасылық тыныштықты қайта бұзу фактісін анықтады. Ер адам үйде жанжал шығарып, отбасы мүшесін балағат сөздермен қорлады.
Полицейлер дереу шаралар қабылдады: оқиға орнына учаскелік инспектор Нұрсұлтан Қаратаев келді, материал жиналып, профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Құқық бұзушымен одан әрі жұмысты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі инспектор аға лейтенант Полина Харченко жүргізді.
Әңгімелесу барысында азаматқа осындай әрекеттердің салдары мен заңда көзделген жазалау шаралары түсіндірілді.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің уақтылы әрекеттерінің арқасында құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция жинаған материалдардың негізінде сот ер адамды Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігінде көзделген отбасылық тыныштықты қайта бұзғаны үшін кінәлі деп таныды.
Кінәні мойындауды, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын және тұрақты жұмыс орнын ескере отырып, сот қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны 40 сағат мерзімге тағайындады.
Жазаның бұл түрін тағайындау Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-ге өзгерістер енгізілгеннен кейін мүмкін болды.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап әкімшілік жазаның жаңа түрі — қоғамдық жұмыстар енгізілді (ҚР ӘҚБтК 49-1-бабы).
Бұл шара жұмыстан немесе оқудан бос уақытта аумақты абаттандыру немесе қоғамдық орындарды тазалау сияқты тегін қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауды қарастырады. Мерзім 10-нан 100 сағатқа дейін болуы мүмкін, бірақ күніне 4 сағаттан аспайды (немесе егер азамат жұмысқа орналаспаса, 8 сағатқа дейін).
ОЗЗҚ қызметкерлерінің ақпараты бойынша, қоғамдық жұмыстарды енгізу қамауға алу мен айыппұлға балама болып табылады, ол тек жазалауға ғана емес, сонымен бірге қоғамға және оның әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыра отырып, құқық бұзушыны тәрбиелеуге көмектеседі.
Полиция азаматтарды жақындарына құрмет көрсетуге, агрессиядан аулақ болуға және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге шақырады.
Осы қарапайым принциптерді ұстану отбасында ғана емес, жалпы қоғамда тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға көмектеседі.