Ақмола облысында полицейлер ұрланған астықпен автокөлікті ұстады

Ақмола облысында полицейлер ұрланған астықпен автокөлікті ұстады

Ақмола облысының аумағында ауыл шаруашылығы өнімін ұрлаудың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ ағымдағы жылғы егіннің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған «Астық-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу жалғасуда.
Мәселен, ағымдағы жылдың 14 қазанында Макинск қаласында Бұланды ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғын басқарған тіркемесі бар "КамАЗ" маркалы автокөлікті тоқтатты.
Тексеру барысында жүргізуші облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірінің аумағынан ұрланған бидайды тасымалдағаны анықталды. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, келтірілген залалдың сомасы анықталуда.
Ақмола облысының полиция департаменті ауыл шаруашылығы өнімдерін ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Құқық қорғау органдары осындай қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Астықтың сақталуын бақылау егін жинау науқаны толық аяқталғанға дейін күшейтіледі.