Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына, ұлы қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына, сондай-ақ «Динамо» спорт қоғамының құрылғанына 100 жыл толуына орай Ақмола облысында ауқымды велошеру өтті.
Шараға ел тарихындағы маңызды кезеңдерді атап өтіп, көрнекті тұлғалардың рухына құрмет көрсету мақсатында біріккен ондаған спорт сүйер азамат қатысты.
Велошеру маршруты бойындағы қауіпсіздікті Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері қамтамасыз етті. Қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау үшін 100-ден астам полиция қызметкері мен 15 автопатруль жұмылдырылды.
Іс-шараға Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аслан Қызбикенов қатысты. Ол велошерудің өту барысын жеке өзі бақылап, қызметкерлерге үйлесімді жұмыстары үшін алғыс білдірді.
Велошеру басталмас бұрын қатысушыларға жол жүру ережелері мен қауіпсіздік шаралары бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтар өткізілді. Бұл шараны ешқандай оқыс оқиғасыз өткізуге мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар мен қатысушылар полиция қызметкерлеріне жоғары деңгейде ұйымдастырылған қауіпсіздік пен тәртіп үшін алғыс білдірді.