Полиция қызметкерлері Көкшетау қаласында жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін үйлену кортежіне қатысқан төрт жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Жағалау көшесін патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары автокөліктердің жанына жиналған жастар тобына назар аударды. Тексеріс кезінде олардың үйлену тойына дайындалып жатқаны анықталды. Полицейлер жас жұбайларға бақыт тілеп, жиналғандарға жол ережесін қатаң сақтау қажеттігін еске салды.
Ескертуге қарамастан, жүргізушілер Жағалау көшесіне шығып, ережелерді өрескел бұза бастады — бұл өздеріне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндірді. Алғаш рет құқық бұзушылар Назарбаев көшесінде тоқтатылды. Оларға жолдағы мінез-құлық нормалары қайта түсіндірілді және оқиғаның мерекелік сипатын ескере отырып, профилактикалық әңгімемен шектелді.
Алайда бірнеше минуттан кейін дәл сол Mercedes-Benz 230 E, Hyundai Grandeur, Lexus GX 430 және Lexus ES 300 көліктері т арапынан тағы да бұзушылықтар байқалды. Бұл жолы Әуезов көшесінде олар қайта ұсталды.
Жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК 593 («Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол жүру ережелерінде көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау») және 595 («Маневр жасау қағидаларын бұзу») баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Олардың барлығы заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылды.
Полиция мұндай әрекеттер ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Тәртіп сақшылары азаматтарды, әсіресе мереке күндері жауапкершілікті көрсетуге және өз өмірі мен айналасындағылардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырады.