«Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция мен әкімдік бірлесіп абаттандыру рейдтерін өткізуде
Абай облысы Полиция департаменті мен аумақтық бөлімшелердің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында әкімдік өкілдерімен бірлесіп, елді мекендерде тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Учаскелік полиция инспекторлары коммуналдық қызметтер мен жергілікті билік өкілдерімен бірге аулаларды, көшелерді, қоғамдық орындарды аралап, азаматтарға санитарлық нормаларды сақтау, тазалықты қамтамасыз ету және абаттандыру ережелерін ұстану қажеттігін еске салуда.
2025 жылдың басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы — «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу» бойынша Абай облысында 2827 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Абай облысы Полиция департаменті өңір тұрғындарын бейжай қалмауға шақырады. Тек бірлесе әрекет ету арқылы ғана аулаларымызды, көшелерімізді, қалаларымызды шынымен де таза әрі жайлы ете аламыз.