
Полиция қызметі – үлкен жауапкершілікті, қырағылықты және кез келген жағдайға дайын болуды талап ететін мамандық. Бұл жауапты жұмыста тәртіп сақшыларына төрт аяқты сенімді серіктері көмектеседі.
Абай облысы Полиция департаментінің қызметінде бүгінде 22 қызметтік ит бар. Олардың әрқайсысы арнайы дайындықтан өтіп, өзіне жүктелген міндетті орындауға машықтанған. Қызметтік иттердің өткір иіс сезу қабілеті мен шапшаңдығы полиция қызметкерлерінің жедел-қызметтік жұмысына айтарлықтай көмек көрсетеді.
Жыл басынан бері қызметтік иттермен 10-нан астам арнайы сабақ пен жаттығу өткізілді. Сабақ барысында олардың ізді табу, бағыт бойынша қозғалу, белгіленген нысанды анықтау, түрлі ортада тапсырманы орындау секілді дағдылары жетілдіріледі.
Жаттығу алаңындағы әрбір қадам – үлкен қызметке дайындық. Кинологтың бір ауыз бұйрығы, иттің әрбір қимылы мен тапсырманы дәл орындауы – ұзақ уақытқа созылған еңбектің нәтижесі.
Мұнда ең маңыздысы – сенім. Кинолог өз серігінің мінезін, мүмкіндігін және әрбір әрекетін жақсы біледі. Ал қызметтік ит өз кезегінде кинологтың дауысын, қимылын және бұйрығын ажыратып, тапсырманы орындауға дайын тұрады. Бұл – бір күнде қалыптаспайтын ерекше байланыс.
Қызметтік иттер тек арнайы сабақ кезінде ғана дайындалмайды. Олардың дене дайындығы, төзімділігі және жұмысқа деген қабілеті тұрақты түрде бақылауда болады. Себебі нақты қызмет барысында күтпеген жағдай кез келген уақытта орын алуы мүмкін.
Кейде олардың еңбегі көпшілікке байқала бермейді. Алайда іздеу жұмыстары кезінде, жедел іс-шараларда немесе күрделі жағдайларда төрт аяқты тәртіп сақшыларының көмегі аса маңызды болуы мүмкін.