«Менің полициям мені қорғайды»: Семейде полицейлер мен медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетті

«Менің полициям мені қорғайды»: Семейде полицейлер мен медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетті

Семей қаласында қарапайым серуен күтпеген жерден адамға деген жанашырлық пен жедел қызметтердің үйлесімді жұмысының үлгісіне айналды. Шоқан Уәлиханов көшесінде, «Береке» асханасының маңында қала тұрғыны бетон үстінде жатқан ер адамды байқайды. Оның көмекке мұқтаж болуы мүмкін екенін түсінген әйел бірден 102 нөміріне хабарласқан. Оқиға орнына «Боран-651» патрульдік полиция экипажы жедел жетті. Ер адам оятуға жасалған әрекеттерге жауап бермегендіктен, полицейлер дереу жедел жәрдем шақырып, медицина қызметкерлері келгенше оның жанында болған. Оқиға орнына келген жедел жәрдемнің 15-бригадасы қажетті медициналық шараларды жүргізді. Полицейлер медицина қызметкерлеріне ер адамды абайлап зембілге жатқызуға көмектесті. Оқиғаның куәгері полиция және жедел жәрдем қызметкерлеріне жеделдігі, жанашырлығы және үйлесімді жұмысы үшін алғысын білдірді.

— Полиция келген кезде өзімді бірден қауіпсіз сезіндім. Сол сәтте «Менің полициям мені қорғайды» деген сөздердің мәнін өз басымнан өткергендей болдым. Адам өмірі үшін күресіп, ең маңызды құндылықты қорғап жүргендеріңізге рақмет! Әрқайсыңыз әртүрлі сала иесі болсаңыздар да, сіздерді бір мақсат — адамдарды құтқару біріктіреді, — деді қала тұрғыны.

Бұл жағдай адам өмірінің дер кезінде жасалған бір ғана қоңырауға тәуелді болуы мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті. Көмекке мұқтаж, дәрменсіз жағдайда жатқан адамды көрсеңіз, бейжай өтпеңіз. 102 немесе 103 нөмірлеріне хабарласыңыз.