
Абай облысының полицейлері Семей қаласындағы №15 мектепте 60-тан астам оқушының қатысуымен қауіпсіздік сабағын өткізді Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, буллингтің алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мақсатында Абай облысының полиция қызметкерлері Семей қаласындағы №15 мектепте профилактикалық кездесу өткізді. Сабақ барысында полицейлер буллингтің физикалық күш көрсету, қорқыту, кемсіту, мазақ ету және әлеуметтік желілер арқылы қудалау түрінде көрінуі мүмкін екенін түсіндірді. Оқушыларға мұндай жағдайға тап болғанда үнсіз қалмай, ата-анаға, мұғалімге, мектеп психологына немесе полиция қызметкеріне жүгіну қажеттігі айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. – Егер сыныпта бір оқушыны үнемі мазақтап, оған қысым көрсетілсе, не істеу керек? – деп сұрады оқушылардың бірі. – Мұндай жағдайға бейжай қарауға болмайды. Оқушыға қолдау көрсетіп, болған жағдайды сенімді ересек адамға айту қажет. Көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше, өз қауіпсіздігіңе жауапкершілікпен қарау, – деп жауап берді полиция қызметкері. Сондай-ақ мамандар интернеттегі қауіпсіздікке тоқталып, әлеуметтік желілерде жеке мәліметтерді жарияламау, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста абай болу және қорқыту сипатындағы хабарламаларға дер кезінде жауап беру қажеттігін ескертті. Полиция қызметкерлері буллингтің алдын алу – полицияның ғана емес, ата-ана, педагог және оқушының ортақ міндеті екенін атап өтті.