
Абай облысында аумақтардың санитариялық жағдайын жақсартуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері облыс аумағында санитариялық тазалық пен абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтау және олардың жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарда қоғамдық орындарға, аулаларға, көшелерге және тұрғындардың жаппай демалатын аумақтарына ерекше назар аударылуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9151 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде: ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 786 дерегі;елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 8365 фактісі. Құқықбұзушылықтардың алдын алуда Жедел басқару орталығының (ЖБО) бейнебақылау камералары да маңызды рөл атқаруда. Қоғамдық орындарда орнатылған камералар арқылы аумақтардың санитариялық жағдайы мен қоғамдық тәртіп тұрақты бақылауда болады. Бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылықтарды жедел анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға және тиісті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді. Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды қоршаған ортаны таза ұстауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.