\Әлеуметтік желіде кең тараған бейнеролик отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ащы шындығын көрсетті. Ал Абай облысының полицейлері бұл оқиғаны жаңа қырынан ашты. \Абай облысы Полиция департаменті туыстардың жас отбасының өміріне араласу мәселесіне арналған әлеуметтік бейнеролик әзірледі. Тұрақты бақылау, өз тәртібін таңу, сын айту және психологиялық қысым ерлі-зайыптылар арасында жанжал туғызып, соңы неғұрлым ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Отбасы құруда бір-бірін құрметтеу, шешімдерді бірге қабылдау және үйдегі тәртіпті айналадағы адамдардың пікіріне тәуелді етпеу маңызды. Туыстардың қолдауы жас отбасының жеке шекараларын түсіну мен құрметтеуге негізделуі тиіс. \2026 жылдың басынан бері Абай облысының полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 3 138 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. 2 481 қорғау нұсқамасы шығарылып, 447 құқық бұзушыға мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленді. Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактілері бойынша 50 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. \Абай облысы Полиция департаменті ескертеді: қорлау, қоқан-лоқы көрсету, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа жол берілмейді. Отбасы сенім, өзара құрмет пен қауіпсіздік орны болуы тиіс. Егер сіз немесе жақындарыңыз зорлық-зомбылыққа тап болса, үнсіз қалмаңыз — полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз. Ешбір факті назардан тыс қалмайды.