
«Мен жай ғана сөйлескім келді», «Оның назарын аударғым келді», «Менің ешқандай жаман ойым болған жоқ» — сталкер өз әрекетін осылай ақтауы мүмкін.
Бірақ адамның «жоқ» деген жауабы — нақты шекара.
Сталкинг — әлеуметтік желіде қайта-қайта жазу, қоңырау шалу, соңынан аңду, бақылау, қажетсіз кездесулер іздеу арқылы адамның жеке кеңістігін бұзу. Сырт көзге бұл «жай ғана қызығушылық» болып көрінуі мүмкін. Ал жәбірленуші үшін бұл — қорқыныш, мазасыздық және тұрақты психологиялық қысым.
Осы мәселенің алдын алу және қоғамға сталкингтің шынайы қауіптілігін түсіндіру мақсатында Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арнайы бейнеролик әзірледі.
Сюжетте сталкер өз әрекетін «зиянсыз қарым-қатынас» ретінде көрсетуге тырысады. Алайда адамның қалауын елемеу, оның соңынан қалмау және жеке шекарасын қайта-қайта бұзу — қалыпты қарым-қатынас емес.
Сталкинг — назар аудару емес.
Сталкинг — қамқорлық емес.
Сталкинг — махаббат емес.
Бұл — адамның еркіндігі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қудалау.
Абай облысында жыл басынан бері сталкинг бойынша 9 адамға сот үкімі шықты.
Бұл — оның жай ғана «мазалау» емес, нақты құқықтық салдары бар әрекет екенін көрсетеді.
Біреудің «жоқ» дегенін құрметтеу — қалыпты қарым-қатынастың бастауы.