Бір сәттік әсер үшін жасалған қауіпті әрекеттер заң алдында жауапкершілікке әкелді.
Абай облысының полицейлері әлеуметтік желіні мониторингтеу барысында Ақсуат ауданындағы той кортежінің құрамында жол ережесін өрескел бұзған екі автокөліктің бейнежазбасын анықтайды.
Ақсуат ауданының Қабанбай көшесінде той кортежіне қатысқан екі жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қос тұтас жолақ сызығын кесіп өтіп, қарсы бағытқа шыққан.
Сондай-ақ, бейнежазбада қозғалыстағы автокөліктің есігіне отырып алған жолаушының әрекеті де анық көрінеді. Мұндай көріністер жолдағы қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылыққа қатысқан барлық тұлғаларды анықтап, заң талаптарына сәйкес шара қабылдады. Нәтижесінде Toyota және Hyundai Tucson маркалы көлік құралдарының жүргізушілеріне маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, авариялық жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану сияқты қағидаларды бұзу бойынша 8 әкімшілік хаттама рәсімделді. Құқық бұзушылардың автокөліктері арнайы айыптұраққа қойылды.
Сондай-ақ, жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамаған жолаушы да жауапкершіліктен тыс қалмады.
Той – қуаныштың белгісі. Бірақ жол – жауапкершіліктің мекені. Мерекелік көңіл күй ешқашан жол қозғалысы ережелерінен жоғары тұрмайды. Бір ғана қауіпті маневр адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Абай облысы Полиция департаменті жолдағы қауіпсіздік бәріне ортақ құндылық екенін еске салады. Заң талаптарын елемейтін кез келген әрекетке себеп пен мәртебеге қарамастан құқықтық баға беріледі.
