
Абай облысында қарудың заңсыз айналымының алдын алуға, оны сақтау ережелерінің бұзылуын анықтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Іс-шара басталғалы бері полиция қызметкерлері азаматтық қарудың 1455 иесін тексерді. Жалпы облыс бойынша ішкі істер органдарында азаматтық қарудың 5399 иесі есепте тұр.
Алты күннің қорытындысы бойынша:
• азаматтық қару айналымы саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 19 дерегі анықталды;
• заңсыз айналымнан тіркелмеген 6 қару тәркіленді.
Тексеру шаралары қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша да, профилактикалық рейдтер аясында да жүргізілуде. Негізгі назар қаруды сақтау қағидаларының сақталуына, қажетті рұқсат құжаттарының болуына және заңсыз қару айналымына жол бермеуге аударылуда.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтық қару иелеріне заңнама талаптарын қатаң сақтауды, қаруды сенімді жағдайда сақтауды және оған бөгде адамдардың қол жеткізуіне жол бермеуді еске салады.
Қаруды сақтау қағидаларын бұзу немесе оны заңсыз сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.