Абай облысының полиция қызметкерлері тұрғындармен профилактикалық жұмыстың жаңа үлгісін ұйымдастырды. Ерекше кездесу Бесқарағай ауданындағы «Таза Қазақстан» саябағында өтіп, үлкен LED-экран арқылы тұрғындарға өзекті әлеуметтік тақырыптардағы бейнероликтер көрсетілді.
Экран алдындағы жасыл алаңға балалар жайғасса, ересектер орындықтардан тамашалады. Көрермендерге тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, Жол қозғалысы қағидаларын сақтау, сондай-ақ интернет-алаяқтардан қорғану жолдары туралы әлеуметтік бейнематериалдар ұсынылды.
Көрсетілімнен кейін полиция қызметкерлері тұрғындармен көрген бейнероликтерді талқылап, ауданда жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен оқиғалар туралы айтып берді. Сондай-ақ қызметтік тәжірибеден мысалдар келтіріп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
Полицейлер балаларға ерекше көңіл бөлді. Оларға жолда өзін қалай ұстау керектігі, қауіпті жағдайда кімнен көмек сұрау қажет екені және интернеттегі бейтаныс адамдарға неге сенуге болмайтыны қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірілді.
Мұндай формат пайдалы ақпаратты, еркін пікір алмасуды және отбасылық демалысты ұштастыруға мүмкіндік берді. Осындай профилактикалық іс-шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылықтардың, оның ішінде алаяқтық деректерінің азаюына ықпал етеді.
Абай облысының Полиция департаменті алдағы уақытта да тұрғындармен заманауи әрі қолжетімді форматтағы кездесулерді жалғастырып, қауіпсіздік қағидаларының әрбір азаматқа – ең кішкентай тұрғыннан бастап аға буын өкілдеріне дейін – түсінікті болуына күш салады.
