
Абай облысының 30 жастағы тұрғыны есірткі құралдарын заңсыз таратқаны үшін сотталып, жеңіл табысқа ұмтылудың ауыр зардаптарға әкелетінін айтып, жастарға үндеу жасады.
Аталған азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасының бес жылын өтегеннен кейін, мінез-құлқының оң бағалануына байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
Қазіргі уақытта ол Семей қаласындағы кәсіпорындардың бірінде еңбек етеді. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының профилактикалық бақылауында болып, белгіленген тәртіпке сәйкес тіркеуге уақтылы келіп тұрады.
Оның айтуынша, кезінде оңай әрі жылдам табыс табу мақсатында есірткі жасырушы (закладчик) болуға келіскен. Алайда мұндай әрекеттің өзіне ғана емес, отбасы мен жақындарына да ауыр салмақ салатынын кеш түсінген.
«Маған бәрі тез аяқталып, ешкім ұстамайтындай көрінді. Бірақ бұл өмірімдегі ең үлкен қателік болды. Бес жыл бостандығымнан айырылдым, жақындарымның сенімін жоғалттым. Ата-анам маған көмектесу үшін мүлкінің көп бөлігін сатуға мәжбүр болды. Қазір түсіндім – оңай ақша болмайды, оның артында ауыр салдар тұрады», – дейді ол.
Бүгінде ол жастарды осындай қателікке жол бермеуге шақырады.
«Ешқашан есірткі таратушы болмаңыздар және есірткіні қолданбаңыздар. Ол адамның тағдырын бұзады. Егер сізге оңай ақша ұсынса, оның құны өз бостандығыңыз болуы мүмкін екенін ұмытпаңыздар», – дейді бұрынғы сотталған.
Абай облысы Полиция департаменті жоғары табыс туралы уәде беріп, есірткі құралдарын таратуға тартатын ұсыныстардың көп жағдайда жастарға арналған қақпан екенін ескертеді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланатын «жеңіл жұмыс», «курьер», «жоғары жалақы» секілді хабарландырулардың артында есірткі құралдарын заңсыз тарату әрекеттері жасырынуы мүмкін.
Полицейлер азаматтарды күмәнді ұсыныстарға келіспеуге және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын есте сақтауға шақырады. Мұндай құқық бұзушылық үшін заңда ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.