Семейде полицейлердің қатысуымен алкоголь өнімдерін заң талаптарына сай өткізу мәселелері бойынша кәсіпкерлермен кеңес өтті

Семейде полицейлердің қатысуымен алкоголь өнімдерін заң талаптарына сай өткізу мәселелері бойынша кәсіпкерлермен кеңес өтті

Абай облысы Полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және алкоголь өнімдерінің заң талаптарына сәйкес өткізілуін бақылау бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.

Аталған бағыттағы профилактикалық іс-шаралар аясында Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы полиция подполковнигі Асетт Асқаровтың қатысуымен Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлерімен бірлескен жұмыс кеңесі ұйымдастырылды. Кеңеске алкоголь өнімдерін бөлшек саудада өткізумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысып, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына жол бермеу, сондай-ақ қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмысты күшейту болды.

Кеңес барысында алкоголь өнімдерін бөлшек саудада өткізу тәртібі, белгіленген сату режимін қатаң сақтау, лицензиялық талаптарды орындау және заң талаптарына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға заңмен қатаң тыйым салынатыны түсіндіріліп, әрбір сатушы сатып алушының жасын растайтын жеке басын куәландыратын құжатты міндетті түрде тексеруі қажет екендігі ескертілді.

Сонымен қатар, лицензиясыз алкоголь өнімдерін өткізуге жол берілмейтіні, мұндай құқық бұзушылықтар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны жан-жақты түсіндірілді. Кәсіпкерлерге қолданыстағы әкімшілік заңнама талаптары, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы туралы толыққанды ақпарат берілді.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық қолдану тәжірибесіне қатысты пікір алмасты. Ашық форматта өткен кеңес мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, заң талаптарын бірлесіп орындауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етті.