
Демалыс күндері көпшілік үшін тынығу мен жақындарымен уақыт өткізудің мүмкіндігі болса, полиция қызметкерлері үшін бұл – жол қауіпсіздігін күшейтетін жауапты кезең. Себебі дәл осындай күндері көлік қозғалысы артып, жол-көлік оқиғаларының қаупі де жоғарылайды.
Абай облысында өткен демалыс күндері патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет атқарып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын жіті бақылауға алды. Нәтижесінде үш мас жүргізушінің жолы кесілді.
Мас күйде рөлге отыру – бұл тек заң бұзушылық емес, адамның өз өмірі мен өзгенің тағдырына бейжай қарауы. Бір ғана қате шешім қайғылы оқиғаға ұласып, талай отбасының тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты заң талаптары қатаң әрі ымырасыз қолданылады.
Патрульдік полиция қызметкерлері күмән тудырған көліктерді тоқтатып, жүргізушілерді белгіленген тәртіп бойынша медициналық куәландырудан өткізді. Сараптама қорытындысы олардың алкогольдік ішімдік ішкенін растады. Аталған деректер бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, іс сот қарауына жолданды.
Айта кету керек, еліміздің қолданыстағы заңнамасына мас күйінде рөлге отырғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу мен 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру қарастырылған. Мұндай талаптардың басты мақсаты – жазалау емес, жолдағы адам өмірін қорғау.
Полицейлердің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында бұл жүргізушілердің жолы кесілді. Демек, ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алып, талай адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға үлес қосылды.
«Бір бокалдан ештеңе болмайды» деген жаңсақ пікірдің салдары орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір жүргізуші өз өміріне ғана емес, жолдағы өзге адамдардың қауіпсіздігіне де жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, мас күйде көлік басқармауға және жолдағы мәдениетті қалыптастыруға шақырады. Қауіпсіз жол – әркімнің саналы таңдауы мен жауапкершілігінен басталады.