
Абай облысы, Бесқарағай ауданында «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар аясында заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа №10 учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді.
Салтанатты ашылу рәсімі Бесқарағай ауданы әкімі Ділдар Қалиқанұлының бастамасымен ұйымдастырылып, оған аудан әкімдігі өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін күшейту және полиция мен халық арасындағы өзара сенімді арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жаңа полиция пункті – ауыл тұрғындарына жақын орналасқан, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, учаскелік полиция инспекторларының қызметін тиімді әрі жедел атқаруына мүмкіндік беретін маңызды нысан. Мұнда тұрғындармен тікелей байланыс орнату, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары жаңа деңгейде жүзеге асырылмақ.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Бесқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанұлы бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы жергілікті атқарушы биліктің рөлін атап өтті:
«Бүгінгі ашылып отырған учаскелік полиция пункті – ең алдымен тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қызмет ететін маңызды қадам. “Заң мен Тәртіп” қағидасын жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Біз ауыл тұрғындарының өздерін қауіпсіз сезінуі үшін барлық қажетті жағдайды жасауға әрдайым дайынбыз. Бұл тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтатын нақты бастама», – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ербол Дайрбеков жаңа нысанның қызметтік маңызына тоқталып, учаскелік инспекторлардың жұмыс тиімділігі арта түсетінін атап өтті:
«Учаскелік полиция – халықпен ең жақын жұмыс істейтін құқық қорғау саласының негізгі буыны. Бүгін ашылып отырған жаңа пункт біздің қызметкерлерге жедел әрекет етуге, азаматтармен тығыз байланыс орнатуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға кең мүмкіндік береді. Бұл – тек ғимарат емес, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты құрал. Алдағы уақытта біз тұрғындармен ашық әрі жүйелі жұмыс жүргізіп, сенімді серіктестік орнатуды жалғастырамыз», – деді полиция бөлімінің бастығы.
Жаңа нысанда учаскелік және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар қызмет атқаратын болады. Олар ауыл аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың өтініш-шағымдарына жедел әрекет ету бағытында жұмыс жүргізеді.
Салтанатты жиын барысында қатысушылар жаңа полиция пунктінің материалдық-техникалық базасымен танысып, оның жұмыс істеу мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Ардагерлер мен ауыл тұрғындары мұндай бастамалардың өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.
Айта кету керек, Бесқарағай ауданында бүгінгі таңда барлығы 10 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Жаңа нысан сол жүйені толықтырып, құқық қорғау қызметінің қолжетімділігін одан әрі арттырмақ.
Жаңа полиция пунктінің ашылуы – Бесқарағай ауданында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқықтық тәртіпті нығайту және тұрғындармен ашық диалог орнату бағытындағы маңызды әрі стратегиялық қадам ретінде бағалануда.