Демалыс үйлерін жалға алу кезіндегі алаяқтықтан сақ болыңыз!

Демалыс үйлерін жалға алу кезіндегі алаяқтықтан сақ болыңыз!

Қазіргі таңда жаз мезгілінің басталуымен бірге демалысқа шығатын азаматтардың саны артып, соған байланысты интернет арқылы демалыс үйлерін, коттедждер мен пәтерлерді жалға алу қызметіне сұраныс көбейіп отыр. Осы жағдайды пайдаланып, алаяқтар да өз әрекеттерін белсенді жүргізуде.

👮‍♂️Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды интернет кеңістігінде кең таралып жатқан алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақ болуға шақырады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен хабарландыру сайттарында демалыс орындарын жалға беремін деген жалған жарнамалар көбейген.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Әдетте алаяқтар келесі схема бойынша жұмыс істейді:

🛑Әлеуметтік желілерде немесе хабарландыру платформаларында демалыс үйлерінің жалған жарнамасын жариялайды.
🛑Хабарласқан адамдарға демалыс орнының “бос” екенін айтып, тартымды фотосуреттер жібереді.
🛑Сенім тудыру үшін нақты мекенжайлар мен әдемі суреттерді пайдаланады (көбіне бұл суреттер интернеттен алынған немесе басқа орындарға тиесілі болады).
🛑 “Бронь қою” үшін алдын ала төлем жасауды талап етеді.
🛑Ақша аударылғаннан кейін түрлі сылтаулар айта бастайды: көлік бұзылды, үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, техникалық ақау бар деген сияқты.
🛑Кейін байланыс мүлдем үзіледі, ал ақша қайтарылмайды.

🔅Қалай сақтануға болады?

Абай облысы Полиция департаменті азаматтарға төмендегідей сақтық шараларын ұсынады:

❇️Алдын ала төлем жасамаңыз
Белгісіз жеке тұлғаларға немесе күмәнді нөмірлерге ақша жіберу – ең үлкен қателіктердің бірі. Тек ресми брондау платформаларын немесе сенімді агенттіктерді пайдаланыңыз.
❇️Ақпаратты тексеріңіз
Демалыс үйінің мекенжайын ресми карталық қосымшалар арқылы тексеріңіз. Егер нысан нақты орналаспаған немесе күмән тудырса, одан бас тартқан жөн.
❇️Фотосуреттерге мұқият болыңыз
Көп жағдайда алаяқтар интернеттен алынған әдемі суреттерді пайдаланады. Сол себепті суреттерді кері іздеу арқылы тексеруге болады.
❇️Байланыс деректерін тексеріңіз
Тек бір нөмірмен байланыс ұсыну, ресми құжаттардың болмауы – күмәнді белгі.
❇️Тым арзан бағаға сенбеңіз
Нарық бағасынан әлдеқайда төмен баға көбіне алаяқтардың айласы болуы мүмкін.

‼️Есте сақтаңыз!

Алаяқтар адамдардың демалысқа асығуын және алдын ала жоспар құрудағы сенімділігін пайдаланады. Сол себепті асығыстықпен шешім қабылдау – қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.

👮‍♂️Абай облысы Полиция департаменті әр азаматты қырағылық танытуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және жеке қаражатты қорғауға шақырады.

Өз қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда! Демалысыңызды алдын ала тексерілген, сенімді жерлерден жоспарлаңыз.