
Абай облысындағы жағажайлардың бірінде үш әйелдің демалысы құқық бұзушылықпен аяқталды. 31, 36 және 49 жастағы азаматшалар жағажай аумағында алкогольдік ішімдік ішіп қана қоймай, қоғамдық орынның тазалығы мен тәртібіне немқұрайлы қарап, белгіленбеген жерде жеке қажеттіліктерін өтеген.
Алайда олардың бұл әрекеті полицейлер мен Сергек камерасының назарынан тыс қалмады.
Қоғамдық қауіпсіздіктің үнсіз бақылаушысына айналған қырағы «Сергек» камералары арқылы полицейлер орын алған құқық бұзушылықты бірден байқаған. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жедел түрде оқиға орнына келіп, құқық бұзушылардың жолын кесті.
Бір қарағанда бұл жай ғана жағажайдағы демалыс көрінуі мүмкін. Бірақ қоғамдық орын – барлығымыздың жеке жауапкершілігімізде. Бір адамның жауапсыз әрекеті ондаған адамның жайлы демалысына кері әсер етеді. Сондықтан заң талаптары жағажайда да, саябақта да, көшеде де бәріне бірдей.
Бүгінде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірде тазалық пен қоғамдық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл тек қоқыс жинау емес, бұл – азаматтардың сана-сезімін өзгертуге бағытталған ортақ құндылық.
Сондай-ақ, табиғи қажеттіліктер үшін жағажай маңында арнайы орындар да белгіленген.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар табиғат аясындағы демалысты жауапкершіліктен демалыс деп түсінетіндей. Бірақ камера ұйықтамайды, заң демалысқа шықпайды, ал қоғамдық тәртіпке қойылатын талаптар әрдайым күшінде.
Абай облысының полициясы тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға, алкогольдік ішімдіктерді тұтынудан бас тартуға және қоршаған ортаны ластамауға шақырады.