
Абай облысында полиция мен спорт қауымдастығының бірлескен бастамасы ерекше форматта өтті. Бұл жолы полиция қызметкерлері Ring Sport Club спортшыларымен бірге ішкі істер органдарының есебінде тұрған кәмелетке толмаған жасөспірімдерге арналған спорттық-профилактикалық жаттығу ұйымдастырды.
Шараның негізгі идеясы – «тәртіп пен темір тәрбие бір аренада түйіседі» деген қағиданы өмірде көрсету. Яғни, жасөспірімдерге тек ескерту емес, нақты бағыт, тек талап емес, нақты мүмкіндік ұсыну.
Бокс залында қолғап киген сәттен бастап атмосфера өзгерді: жылдамдық, жігер, тәртіп және өз-өзіңді жеңу мәдениеті алдыңғы орынға шықты. Кәсіби спортшылар жасөспірімдерге бокс техникасының негізгі элементтерін көрсетіп қана қоймай, әр соққының артында еңбек, әр қимылдың артында тәртіп тұрғанын түсіндірді.
Осы тұста Абай облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мейірбек Нурекенов жасөспірімдерге бағытталған маңызды ой айтты:
«Бүгінгі таңда біз үшін ең маңызды міндет – жасөспірімнің тағдырын дұрыс арнаға бұру. Бір қателік өмір жолын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ал спорт – сол қателіктің орнына тәртіп, әлсіздіктің орнына күш, бейқамдықтың орнына мақсат береді. Біз сендердің тек заң шеңберінде өмір сүрулеріңді ғана емес, өздеріңе сенетін, өз жолын табатын тұлға болып қалыптасуларыңды қалаймыз».
Полиция қызметкерлері бұл кездесуді тек жаттығу емес, ашық диалог алаңына айналдырды. Жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың салдары, заң алдындағы жауапкершілік және өмірлік таңдау жасаудың маңызы нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Ал спортшылар үшін бұл тек шеберлік көрсету емес, мотивация алаңы болды. Олар «тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ» екенін өз тәжірибелерімен дәлелдеп берді.