
Семей қаласының полициясына 22 жастағы жергілікті тұрғын алаяқтық бойынша арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, 2025 жылдың қыркүйек айында бейтаныс ер адам алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы жүргізуші куәлігін алу емтиханын тапсыруға көмектесемін деген желеумен оның 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын иемденіп алған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, жеткізді — ол 28 жастағы Семей қаласының тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындаған. Ұрланған қаражат жұмсалып кеткендіктен, қайтару мүмкін болмады.
Дәлел ретінде банк аударымдары көшірмесі алынды. Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге келу міндеттемесі қолданылды.
Полиция азаматтарды сақ болуға және жүргізуші куәлігін алу, емтихан тапсыру немесе құжат рәсімдеу үшін заңсыз көмекті ақшаға ұсынатын тұлғаларға сенбеуге шақырады. Барлық мемлекеттік қызметтер тек заңнамада белгіленген тәртіппен, уәкілетті ресми органдар арқылы алынуы тиіс.