
Абай облысының түнгі көшелері полиция мен прокуратура қызметкерлерінің ерекше назарына ие болды. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында өткізілген бірлескен рейдтік іс-шара – тек тексеру емес, жастар өмірінің “түнгі картасын” шығару еді.
Ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар, дәмханалар – бұл түнгі қаладағы жасөспірімдердің екінші үйі сияқты. Рейд барысында құқық қорғаушылар олардың осы “түнгі әлемдегі” әрекеттерін бақылап, заңға қайшы жолға түспеулерін қадағалады.
Тексеру нәтижесінде Семей қаласында бір түнде 19 жасөспірімнің ата-анасының қарауынсыз жүргені анықталды. Әр жағдай жеке бақылауға алынып, ата-аналарға заң талаптары мен балаларды қорғау шаралары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа жол берген ойын-сауық мекемелерімен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жыл басынан бері 2515 жасөспірім заңды өкілдерімен бірге болмастан, түнгі уақытта қала көшелерінде немесе ойын-сауық орындарында жүрген. 260 бала бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұл – тек статистика емес, әрбір жас өмірінің қауіпсіздігіне шақыру.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Ювеналдық полиция тобының аға инспенкторы полиция майоры Жамантаева Зухраның айтуынша, ең бірінші мақсат жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігі – қоғамның тыныштығы екенін еске салып, әр отбасыға балаларының қайда жүргенін қадағалауды, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды, заң талаптарын қатаң сақтауды ұсынады. Тек бірлескен күшпен ғана жас ұрпақтың құқықтарын қорғап, түнгі қаладағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтап қалуға болады.