
Абай облысы, Мақаншы ауданының Қызылбұлақ ауылы өз халқының бірлігі мен саналы таңдауының арқасында ерекше мәртебеге – «Алкогольсіз ауыл» атағына ие болды. Ақсақалдардан бастап, ауыл жастарына дейін бір ауыздан аталған шешімді мақұлдап, ішімдіктен бір жола бас тартты.
Ауылдың 210 тұрғыны салауатты өмір салтын дәріптеуді, болашақ ұрпаққа таза және жарқын өмір сыйлауды басты мақсат етіп қойды. Бұл – ауыл тұрғындарының өз өміріне, отбасы мен қоғамға деген жауапкершілігінің, сондай-ақ келешек ұрпаққа деген қамқорлығының айқын көрінісі.
Қызылбұлақта тәртіп пен тыныштықты сақтау, жастардың спортқа, білімге бет бұруы, отбасы құндылықтарын нығайту сияқты маңызды бастамалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Ауылдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуына ерекше үлес қосып отырған учаскелік инспектордың міндетін атқарушы полиция майоры Бакытжан Манат өз сөзінде атап өтті:
«Біз, құқық қорғау органдарының өкілдері, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етумен қатар, олардың салауатты өмір салтын таңдауына қолдау көрсетеміз. Қызылбұлақ тұрғындарының бірлігі мен саналы таңдауы – қоғамымыздағы ең маңызды құндылықтардың бірі. Бірлік бар жерде әрдайым тәртіп пен дамуға жол ашылады».
Ауыл әкімі Касенов Кабыл Сабырұлы өз кезегінде былай деді:
«Қызылбұлақ ауылының «Алкогольсіз ауыл» мәртебесін алу – бұл тек біздің ауыл тұрғындарының жеке жетістігі ғана емес, бүкіл аудан үшін үлгі. Біз бірлесіп, балаларымыз бен жасөспірімдеріміздің салауатты өмір салтын қалыптастыруға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және ауылымыздың тыныштығын сақтауға барлық күш-жігерімізді саламыз. Әрбір қадамымыз – болашақ ұрпаққа жарқын өмір сыйлау жолындағы маңызды іс».
Бұл бастама тек Қызылбұлақ ауылының ғана емес, бүкіл аудан тұрғындары үшін үлгі болып табылады. Жергілікті тұрғындардың белсенділігі мен ауызбіршілігі кез келген жақсы бастаманың табысты жүзеге асуының кепілі екенін дәлелдейді. Бір шағын ауылдың өз халқының күш-жігері арқылы үлкен өзгеріс жасауға қабілетті екенін көрсетуі – қоғамдағы позитивті өзгерістерге жол ашатын маңызды фактор болып отыр.
Салауатты өмір – саналы ұрпақ кепілі!
Қызылбұлақ – жарқын болашаққа бастар жолдың нақты үлгісі. Алкогольсіз, берекелі, тыныш ауылдық орта жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, отбасы құндылықтарының нығаюына және қоғамның тұрақты дамуына зор үлес қосады. Полиция қызметкерлерінің белсенділігі мен тұрғындардың саналы таңдауы ауылдың жетістігіне тікелей әсер етті.