
Абай облысы Полиция Департаменті мен жеке күзет агенттіктері арасындағы ынтымақтастық аясында облыстағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сыртқы қызмет қызметкерлері мен Күзет агенттіктерінің бірлескен гарнизондық таралымдары тұрақты түрде ұйымдастырылып, тәжірибелік әрекеттер арқылы қауіпсіздік жүйесінің тиімділігі тексерілуде.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 107 жеке күзет агенттігі тіркелген, олардың құрамында барлығы 2274 қызметкер жұмыс атқарады. Сонымен қатар, 15 фирма-оператор орталықтандырылған бақылау пультіне қосылған, бұл күзет қызметінің тиімділігін арттырып, кез келген құқық бұзушылыққа жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Күзет қызметін бақылау тобының бастығы полиция подполковнигі Медет Анаркулов атап өткендей:
«Жеке күзет ұйымдарының қызметкерлері заңдылықты сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысады. Олармен Полиция департаментімен келісілген меморандум негізінде бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Бұл меморандум күзетшілерге құқықтық қолдау беріп, олардың міндеттерін нақты анықтайды. Қазіргі уақытта облысымыздағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында барлық жеке күзет ұйымдарымен тұрақты байланыс орнатылған».
Абай облысы Полиция Департаментінің және жеке күзет ұйымдарының қызметкерлері бірлесіп бөтеннің мүлкін қорғау, қылмысқа қарсы күресті күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды қарқынды жүргізуде. Облыстың әр аймағында күзетшілер мен полиция қызметкерлері арасындағы үйлестіру арқылы алдын алу іс-шаралары, рейдтік тексерістер мен патрульдік әрекеттер тұрақты түрде өткізіледі.
Қазіргі уақытта қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, тұрғын үй кешендерінде және стратегиялық нысандарда күзет қызметінің жұмысы белсенді жүргізіліп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерімен бірлескен тәулік бойы бақылау ұйымдастырылған. Бұл бірлескен жұмыс тәртіп пен заңдылықты сақтау мәдениетін нығайтып қана қоймай, қылмыс деңгейін төмендетуге де ықпал етіп отыр.