
Семей қаласындағы «Технологиялық» колледжінде республикалық қауіпсіздік сабақтары аясында студенттермен сталкингтің алдын алу тақырыбында кездесу өтті.
Спикер ретінде Абай облысы Полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Виталий Каверин сөз сөйлеп, жастармен ашық форматта қазіргі қоғамдағы өзекті қауіптердің бірі — адамның мазасын алып қудалау мен психологиялық қысым көрсету мәселесін талқылады.
Полицейлер студенттерге сталкингтің қарапайым «табандылық» емес, қауіпті мінез-құлық түрі екенін түсіндірді. Ол үздіксіз қоңырау шалу, аңду, мазалайтын хабарламалар жіберу, әлеуметтік желілер арқылы бақылау жасау және психологиялық қысым көрсету әрекеттері арқылы көрініс табуы мүмкін.
Кездесу барысында цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және қудалау жағдайында әрекет ету алгоритмі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жастарға мұндай фактілерді елемеу немесе жасырып қалу ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені ескертіліп, қауіптің алғашқы белгілері байқалған жағдайда бірден полицияға жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Іс-шара барысында студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, өмірде кездесетін жағдайларды талқылап, күнделікті өмірде және интернет кеңістігінде жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша практикалық кеңестер алды.

Абай облысы Полиция департаментінде жастармен жүргізілетін профилактикалық жұмыс «Заң және Тәртіп» қағидаты аясындағы негізгі бағыттардың бірі екені атап өтіліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті тәрбиелеу ашық диалогтан басталатыны айтылды.