
Тағзым ету шарасына Абай облысының әкімі Берік Уәли, Абай облысы Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров, ардагерлер, әскери бөлімдердің сарбаздары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше атап өтілді. Тәртіп сақшылары мерекелік шараның жоғары деңгейде әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп қана қоймай, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызын айқындай түсті. Полиция қызметкерлерінің ардагерлерге көрсеткен құрметі – майдангерлердің ерлігіне деген тағзым мен Отан алдындағы адал қызметтің айқын көрінісі болды.
Абай облысы Полиция департаментінің жеке құрамы үшін Жеңіс күні – батыр бабалардың ерлігіне тағзым ететін, елге адал қызмет пен антқа беріктіктің мәнін терең ұғындыратын ерекше дата. Бүгінде тәртіп сақшылары тәуелсіз Қазақстанның тыныштығы мен қоғамдық тұрақтылығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп, халық сенімін ақтап келеді.
Мерекелік бағдарлама аясында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, патриоттық қойылымдар сахналанды. Көрермендерге ұсынылған әсерлі музыкалық композициялар мен тағылымды көріністер майдангерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін терең сезінуге мүмкіндік берді.
Тарихқа көз жүгіртсек, Абай өңірінен Ұлы Отан соғысына 100 мыңға жуық азамат аттанып, олардың 44 мыңнан астамы туған жерге оралмаған. Ал 56 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіп, ел тарихында мәңгілік із қалдырды.
Ұлы Жеңіс – елдік пен ерліктің, батырлық пен бірліктің символы. Майдангерлердің жанқияр ерлігі мен бейбіт өмірдің қадірін ұлықтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осы ұлы мұрат жолында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халыққа қалтқысыз қызмет етуді абыроймен жалғастырып келеді.