
Абай облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде Аталған жұмыстар Абай облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
Шара аясында есепте тұрған тұлғалар, азаматтық қару иелері, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қолайсыз отбасылар, бақылаудағы азаматтар жан-жақты тексеруден өткізілді. Оның негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін арттыру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау.
Іс-шара Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Ержан Ақбаевтың жетекшілігімен жүргізіліп, облыс орталығы Семей қаласында, сондай-ақ аудандық деңгейде жүйелі түрде ұйымдастырылды.
Профилактикалық тексерулер барысында полиция қызметкерлері азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау, қару-жарақты қауіпсіз пайдалану, заңсыз сақталған қаруды құқық қорғау органдарына өз еркімен тапсыру және тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған кеңестер беріліп, әлеуметтік осал топтармен жеке жұмыс жүргізілді.
Аталған профилактикалық іс-шаралар тексерумен ғана шектелмей, олардың сапалы әрі нәтижелі өтуіне ерекше мән берілді. Абай облысы Полиция департаменті қызметкерлері әрбір азаматпен жеке жұмыс жүргізіп, құқық бұзушылықтардың себептерін анықтауға басымдық берді. Бұл өз кезегінде алдын алу шараларын нақты әрі тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.