
27–29 сәуір аралығында Абай облысында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және қоғамдағы заңдылық қағидаларын нығайту болды.
Аталған кезеңде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстарына профилактикалық есепте тұрған тұлғалар, азаматтық қару иелері, сондай-ақ саяжай алқаптары, құрылыс нысандары, жалға берілетін тұрғын үйлер, базарлар және басқа да қоғамдық орындар қамтылды.
Қала мен қала сырты бойынша, әсіресе жастар көп жиналатын ойын-сауық орындары мен қоғамдық орындарға ерекше назар аударылды. Кешкі және түнгі уақытта патрульдік қызмет күшейтіліп, автокөліктер мен азаматтарды тексеру жүйелі түрде жүргізілді. Бұл шаралар құқық бұзушылыққа жол бермеу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша:
Профилактикалық есепте тұрған 1581 тұлға тексерілді;
796 әкімшілік құқық бұзушылықтың кесілді;
ҚР аумағынан 4 шетелдік азамат шығарылды;
41 тұлғаның мінезіне ерекше талаптар бекітілді.
Іс-шараның нәтижесінде Абай облысында құқық бұзушылықтардың жолы кесіліп, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау деңгейі артты. Полицияның тұрақты және мақсатты жұмысы құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидаларын бекітуге, құқықтық мәдениетті дамытуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға елеулі ықпал етті.