
Семей қаласында Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювенальдық полиция тобының қызметкерлері 100-ге жуық колледж студенттеріне арнайы қауіпсіздік сабақтарын өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіз өмір салтын қалыптастыру және заң талаптарын орындау мәдениетін арттыру.
«Авиценна» жоғары медициналық колледжінің білім алушылары үшін ұйымдастырылған дәріс «Бопсалау, ұрлық, алаяқтық, ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік» тақырыбында өтті. Полиция қызметкерлері сабақ барысында жасөспірімдерге түнгі уақытта заңды өкілдерінің рұқсатынсыз көшеде және көңіл көтеру орындарында болудың қауіпті екенін жан-жақты түсіндірді.
Іс-шара барысында ювенальдық полиция инспекторлары келесі мәселелерге ерекше назар аударды:
құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары;
қоғамдық орындарда және жеке өмірде қауіпсіздік шараларын сақтау;
заңды орындаудың маңызы және құқықтық жауапкершілік.
Семей қаласы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювенальдық полиция тобының учаскелік инспекторы полиция капитаны Аслан Қабылов өз сөзінде:
«Біздің басты мақсатымыз – жасөспірімдерді құқықтық мәдениетке баулу, олардың қауіпсіз ортасында өсуіне қолдау көрсету. Қоғамдағы әрбір жас азамат өзінің және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі тиіс. Біз барлық студенттер мен мектеп оқушыларына заңға бағыну және қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы өздерін қорғауды үйретуге тырысамыз», – деді.
Полиция департаменті атап өткендей, осындай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, олардың құқықтарын қорғауға және қылмыстық әрекеттерден сақтануға үлес қосады.