
Абай облысының орталығында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған гарнизондық саптық жиын өткізілді. Іс-шараға облыстық Полиция департаментінің басшылығы, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері мен жеке құрам қатысып, қызметтің өзекті бағыттары талқыланды.
Жиынның басты мақсаты — өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіру және көшелер мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі жедел әрекетін қалыптастыру болды.
Саптық жиынды Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Аблай Нұрымов өткізіп, жеке құрамға нақты міндеттер жүктеді. Жиын барысында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу, есепте тұрған тұлғаларды тұрақты бақылауда ұстау, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бірқатар тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, көшелер мен халық көп шоғырланатын орындарда патрульдік қызметтің тиімділігін арттыру, жедел әрекет ету қабілетін күшейту және құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қою мәселелері басты назарда болды. Қызметкерлердің кәсіби дайындығы мен тәртіптік деңгейін арттыру, заманауи тәсілдерді енгізу арқылы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі басымдық ретінде айқындалды.
— Қоғамдық қауіпсіздік – біздің қызметіміздің өзегі. Әрбір полиция қызметкері өзіне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен атқарып, халықтың сенімін ақтауы тиіс. Біз құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық беріп, әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Тәртіп пен заңдылықты сақтау – біздің ортақ міндетіміз, — деп атап өтті полиция полковнигі.