
Абай облысының Полиция департаменті жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Жүргізілген бақылау нәтижелері қоғамның назарын жолдағы қауіпсіздік мәдениетіне аудару қажеттігін көрсетеді.
Ағымдағы жылдың басынан облыс аумағында қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер мен жолаушылардың саны 26 358 фактіге жетті. Бұл жағдай тек әкімшілік құқықбұзушылық болып қана қоймай, сонымен бірге адам өміріне төнетін тікелей қауіптің көрсеткіші болып табылады. Белдікті тағу – жолдағы қауіп-қатерді азайтудың ең қарапайым, бірақ тиімді шараларының бірі.
Сонымен қатар, жол қозғалысының басқа қатысушыларына, әсіресе жаяу жүргіншілерге басымдық бермеудің 468 фактісі тіркелді. Бұл сан әрбір жүргізушінің жолда жауапкершілік таныту қажеттігін айқын көрсетеді. Жаяу жүргіншілердің құқықтарын құрметтеу – мәдениетті қоғамның негізгі белгісі, ал оны бұзу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Құқық бұзушылықтардың шамамен жартысы дрондардың көмегімен анықталып отыр. Бұл әдіс жолдағы тәртіпті сақтау мен қадағалауды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Абай облысы Полиция департаментінің пікірінше, жолдағы әрбір ереже адам өмірін қорғауға бағытталған. Қауіпсіздік белдігін тағу, жылдамдықты шектеу және жаяу жүргіншілерге жол беру сияқты қарапайым іс-әрекеттер ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Полиция полковнигі Бауыржан Омаров атап өткендей: «Тәртіп – қауіпсіздіктің кепілі. Жолдағы әрбір әрекетіңіз өзіңіз бен басқалардың өмірін сақтауға әсер етеді».
Абай облысы Полиция департаменті барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда сақтық танытып, қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырады. Әрбір дұрыс әрекет біреудің өмірін сақтауға септігін тигізеді.