Абай облысында 400-ге жуық баланың қатысуымен қауіпсіздік сабағы өткізілді.

Абай облысында 400-ге жуық баланың қатысуымен қауіпсіздік сабағы өткізілді.

Абай облысында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жолда өзін дұрыс ұстау мәдениетін қалыптастыру бағытында қауіпсіздік сабағы өтті. Семей қаласының №51 жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылған бұл профилактикалық кездесу бастауыш сынып оқушыларына арналды және 400-ге жуық бала қамтылды.

💥Іс-шараның басты мақсаты – жас жеткіншектерге жол қозғалысы ережелерін ерте жастан бастап үйрету, олардың санасында қауіпсіздік қағидаларын берік орнықтыру болды. Кездесу барысында оқушыларға жолда өзін дұрыс ұстау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған арнайы танымдық мультфильм көрсетіліп, көрнекі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балалардың қызығушылығын арттыратын мұндай тәсіл олардың ақпаратты жеңіл қабылдауына және есте сақтауына мүмкіндік берді.

Шараның маңызды бөлігінің бірі – құқық қорғау органы өкілінің түсіндіру дәрісі болды. Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Данияр Нүрпейісов жол қауіпсіздігінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде:

«Жол – баршамызға ортақ кеңістік. Әрбір қадамдарың қауіпсіз әрі саналы болуы тиіс. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек талап емес, бұл өз өмірлеріңді қорғаудың ең қарапайым әрі тиімді жолы. Сендердің бүгін үйренген әрбір ережелерің ертеңгі қауіпсіз болашақтарыңның кепілі», – деп атап өтті.


Сонымен қатар, ол балаларға жаяу жүргіншілерге арналған негізгі талаптарды, бағдаршам белгілерінің маңызын, жолды кесіп өту кезінде сақталатын қауіпсіздік шараларын қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізді. Мұндай тікелей байланыс балалардың сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелерге жауап алуына мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында оқушылар белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, жол қозғалысы ережелеріне қатысты білімдерін ортаға салды. Бұл өз кезегінде олардың тақырыпқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.

👮‍♂️Осындай мазмұнды профилактикалық кездесулер жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда, қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруда және қоғамда тәртіпті мінез-құлық үлгісін орнықтыруда маңызды рөл атқарады. Ерте жастан берілген дұрыс бағыт – болашақта саналы, жауапты әрі тәртіпті азамат қалыптастырудың берік негізі.