
Кей жағдайда адам өз әрекетін жай ғана ашуға бой алдыру, өзін ұстай алмау деп қабылдауы мүмкін: дауысын көтереді, қорқытады, итереді, заңды әрекетке кедергі келтіруге тырысады, киімінен тартады, қол көтеруге оқталады.
Бір қарағанда бұл жай жанжал немесе эмоцияның әсерінен болған әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Алайда егер мұндай іс-әрекеттер билік өкіліне өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қатысты жасалса, онда жағдай тұрмыстық кикілжің шеңберінен шығып, қылмыстық-құқықтық баға берілетін оқиғаға айналады.
Тергеу басқармасы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш қолдану үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабында мұндай әрекеттер үшін жауаптылық тікелей белгіленген, ал аталған норма қорқыту әрекеттерін де, әртүрлі дәрежедегі күш қолдану жағдайларын да қамтиды.
Заң адамның көңіл күйіне емес, нақты жасаған әрекетіне баға беретінін түсіну маңызды. Егер билік өкіліне қатысты қорқыту айтылса, қысым көрсетілсе, дене күші қолданылса немесе оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өзге де агрессивті әрекеттер жасалса, мұндай фактілерге сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында құқықтық баға беріледі.
Мұндай жағдайларда тергеу органы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтайды: бейнежазбалар зерделенеді, куәлардан жауап алынады, қорқытудың сипаты, дене жарақаттарының бар-жоғы, себептері, оқиға жағдайы және өзге де дәлелдемелер тексеріледі.
Мұндай әрекеттерді кейіннен «эмоцияға берілдім» немесе «ашумен айтып қойдым» деп түсіндіруге болады деп ойлау қате. Эмоция тез басылады, алайда құқықтық салдары ұзақ уақытқа сақталуы мүмкін. Жасалған әрекеттің сипаты мен салдарының ауырлығына қарай заңда қатаң жауаптылық көзделген — айыппұлдан, түзеу және қоғамдық жұмыстардан, бас бостандығын шектеуден бастап, нақты бас бостандығынан айыруға дейін. Ал неғұрлым ауыр сараланған құрамдар бойынша жаза 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрауы мүмкін.
Тергеу басқармасы лауазымды тұлғалардың әрекеттерімен келіспеу тек заңды тәртіппен ғана білдірілуге тиіс екенін атап көрсетеді — шағым беру, арыз жолдау, өтінішхат келтіру немесе сотқа жүгіну арқылы. Қорқыту, қысым көрсету және күш қолдану — өз құқығын қорғаудың тәсілі емес, керісінше қылмыстық жауаптылыққа апаратын тікелей жол.
Заң әр азаматқа өз ұстанымын құқықтық жолмен қорғауға мүмкіндік береді және дәл осы жол ғана бірден-бір заңды тәсіл болып табылады.