
Абай облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тек бақылау емес, алдын алу жұмыстарына басымдық берілуде. Осы мақсатта Жарма аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері медицина мамандарымен бірлесіп, Омбы–Майқапшағай тас жолында ерекше форматтағы профилактикалық іс-шара өткізді.
Полицейлер сапарға шыққан 50-ден аса көлік құралын ттоқтатып, олардың жолдағы жағдайына алаңдаушылық танытты. Әсіресе ұзақ қашықтыққа шыққан азаматтарға ерекше көңіл бөлініп, медицина қызметкерлері олардың қан қысымын өлшеп, жалпы денсаулық жағдайын бағалады. Бұл – жол қауіпсіздігі тек ережемен емес, адамның жағдайымен де тығыз байланысты екенін көрсететін нақты қадам.
Іс-шара барысында әрбір жүргізушімен жеке профилактикалық әңгіме жүргізілді. Полицейлер жылдамдықты шамадан асырмау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлікті мас күйде басқармау секілді талаптарды еске салып қана қоймай, ұзақ жолда шаршаудың қауіптілігін нақты мысалдармен түсіндірді. Әсіресе «шаршадым» дегенді елемей, қозғалысты жалғастыру ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені ерекше айтылды.
Жарма аудандық полиция бөлімі бастығы Райстанов Даулет бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып өтті:
«Біздің мақсат – жүргізушіні тоқтату емес, оны аман жеткізу. Жол-көлік оқиғалары көбіне немқұрайдылық пен шаршаудың салдарынан болады. Сол себепті біз тек ереже талаптарын айтып қана қоймай, адамның жағдайына да мән беріп отырмыз. Егер жүргізуші өзін жайсыз сезінсе, бұл – жолдағы қауіптің тікелей факторы. Әр азамат мұны түсінуі керек», – деді ол.
Сонымен қатар, бөлім бастығы жол мәдениетін қалыптастыру – ұзақ әрі жүйелі жұмыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бірлескен іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа форматта ұйымдастырыла береді.
Абай облысы Полиция департаменті барлық жүргізушілерге қарапайым, бірақ маңызды қағиданы еске салады: жолдағы қауіпсіздік – әркімнің өз қолында. Бір сәттік асығыстық немесе немқұрайдылық орны толмас жағдайларға әкелуі мүмкін.
Сондықтан жолға шықпас бұрын тек көлігіңізді емес, өз жағдайыңызды да тексеріңіз. Қажет болса – тоқтап, демалыңыз. Себебі сізді үйде күтіп отырған жандар бар.