
Абай облысында көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Профилактика» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара аясында Жарма аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірқатар нысандарды тексеріп, еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген шетел азаматтарының заңдылық талаптарына сәйкестігін зерделеді.
Тексеру барысында Қалбатау ауылындағы салынып жатқан құрылыс нысанында шетелдің төрт азаматының заңсыз еңбек қызметімен айналысып жүргені анықталды. Анықталғандай, аталған азаматтардың Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істеуіне қажетті рұқсат құжаттары мен тиісті біліктілік сәйкестігін растайтын анықтамалары болмаған.
Аталаған факті бойынша полиция тарапынан әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, материалдар Жарма аудандық сотына жолданды. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мұндай құқық бұзушылықтар үшін жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарып жіберу түріндегі жауапкершілік қарастырылған.
Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан жұмыс беруші де жауапкершілік арқалады. Ол Қазақстан Республикасының еңбек және көші-қон заңнамасын бұза отырып, тиісті рұқсаттарсыз шетел азаматтарын жұмысқа қабылдағаны үшін әкімшілік шараларға ілікті.
Жалпы, жыл басынан бері Абай облысының аумағында шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы бойынша 120 дерек тіркелген. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді заңнаманы бұза отырып тартудың 16 фактісі анықталған.
Жалпы алғанда, мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар өңірде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, заңсыз еңбек қызметінің алдын алуға және көші-қон саласындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.
Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Имамғажанов аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, былай деді:
— Мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралардың басты мақсаты – көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз еңбек қызметінің алдын алу. Шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болуы мен еңбек етуі заң талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Біз бұл бағыттағы бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береміз. Әсіресе жұмыс берушілерге заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз. Заң бұзушылықтарға жол бермеу – ортақ міндет.