
Әлеуметтік желілерде Аягөз қаласында полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы жарияланымдардың таралуына байланысты Абай облысы Полиция департаменті жағдайға ресми түсініктеме береді.
Ағымдағы жылдың 26 наурызында полиция қызметкерлері 37 жастағы жүргізуші басқарған «ГАЗ» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында жүргізуші медициналық куәландырудан өтуге жіберілді.
Сараптама қорытындысы бойынша есірткі заттарын қолдану фактісі анықталды. Медициналық тексеру кезінде есірткілік масаң күй тіркелмегеніне қарамастан, ағзада есірткі заттарының бар екені зертханалық түрде расталды.
Атап өтеміз: 2026 жылғы 13 наурыздан бастап Қазақстан Республикасында есірткі заттарын медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Заңға сәйкес, жауапкершілікке тарту үшін масаңдық деңгейіне қарамастан, ағзада есірткі заттарының болуы жеткілікті.
Осылайша, полиция қызметкерлерінің әрекеттері толықтай заңды және қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылған.
Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, материалдар сотқа жолданды.
Ерекше атап өтеміз: жүргізушінің ешқандай жағдайда есірткі заттарын қолдануға құқығы жоқ. Көлік құралын басқару — жоғары жауапкершілікті талап ететін сала, мұнда жіберілген қателіктің құны — адам өмірі.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды расталмаған немесе жалған ақпарат таратпауға шақырады.