
Абай облысының аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық санасын қалыптастыру және мектеп каникулы кезеңінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 26–28 наурыз аралығында «Демалыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Профилактикалық жұмыс шеңберінде кәмелетке толмағандардың жаппай жиналатын орындарына ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, компьютерлік клубтар, сауда-ойын-сауық орталықтары, аулалар мен саябақтар, сондай-ақ өзге де қоғамдық орындар тұрақты түрде тексеріліп, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Бұл шаралар жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарға тартылуының алдын алуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заң талаптарының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.
Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде «Демалыс» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 54 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сонымен қатар, тұрғылықты мекенжайы бойынша профилактикалық есепте тұрған 32 кәмелетке толмаған жасөспірім тексеріліп, олармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ерекше назар түнгі уақытта жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз жүру фактілеріне аударылды. Нәтижесінде, белгіленген уақыттан тыс ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 51 жасөспірім анықталды.
Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуы бойынша 2 жасөспірім анықталды.
Сондай-ақ, 42 қолайсыз отбасы тексерілді.
«Демалыс» жедел профилактикалық іс-шарасы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуда маңызды рөл атқарады.