Абай облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы: 240 құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Абай облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы: 240 құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Абай облысында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара 10 наурыздан бастап өңір аумағында жүйелі түрде өткізіліп, полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытында кешенді жұмыстар атқаруда.

Үш күн ішінде тәртіп сақшылары жүргізген бақылау және алдын алу шараларының нәтижесінде барлығы 240 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.

🔹Анықталған құқықбұзушылықтардың ішінде 53 дерек қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйінде жүру жағдайларына қатысты. Мұндай әрекеттер азаматтардың тыныштығына кедергі келтіріп қана қоймай, түрлі құқықбұзушылықтарға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда мәдениеттілік пен жауапкершілікті сақтау қажеттігін ерекше атап өтеді.

🔹Сонымен қатар, 24 дерек бойынша азаматтардың қоғамдық орындарда өзге адамдарға тиісуі тіркелді. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың қауіпсіздігі мен психологиялық жай-күйіне кері әсер етеді. Полиция қызметкерлері мұндай жағдайларға жедел әрекет етіп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолдануда.

🔹Тексеру барысында 86 адам тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз өмір сүріп жатқаны анықталды. Көші-қон заңнамасын сақтау – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

🔹Жасөспірімдер қауіпсіздігі де ерекше бақылауда. Іс-шара барысында 21 дерек бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің қарауынсыз жүргені анықталды. Полиция қызметкерлері ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

🔹Жол қозғалысы қауіпсіздігі бағытында да бірқатар құқықбұзушылықтар тіркелді. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілерге жол бермеу деректері бойынша 22 жүргізуші анықталды. Жол қозғалысына қатысушылардың өзара құрметі мен тәртіпті сақтауы – жол апаттарының алдын алудың негізгі кепілі.

👮‍♂️Абай облысы Полиция департаменті өңір тұрғындарын заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және айналасындағылардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Қоғамдық тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.