Семейде теміржол өткелінен өту ережесін бұзған Mercedes-Benz жүргізушісі 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін

Семейде теміржол өткелінен өту ережесін бұзған Mercedes-Benz жүргізушісі 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін

2026 жылғы 11 наурыз күні шамамен сағат 03:00-де Семей қаласында автомобиль мен теміржол локомотивінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 24 жастағы Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі Қаржаубайұлы көшесімен келе жатып, реттелмейтін теміржол өткелінен өтер кезде маневрдің қауіпсіздігіне көз жеткізбей, өтіп бара жатқан локомотивпен соқтығысқан.

Соқтығыс салдарынан локомотив автокөлікті біраз қашықтыққа дейін сүйреп кеткен.

Көліктің ішінде жолаушы ретінде 19 жастағы қыз болған. Ол медициналық мекемеде тексеруден өтті, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Жүргізушіге медициналық көмек қажет болмады.

Аталған факті бойынша жүргізуші теміржол өткелінен өту ережелерін бұзып, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соқтырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталған баптың санкциясы бойынша жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан тоғыз ай мерзімге айырылуы мүмкін.

❗️Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерге теміржол өткелдерінен өту кезінде ерекше мұқият болып, жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.