
Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Аягөз аудандық полиция бөлімі қызметкерлері бе қалыс қалмады. Мереке күні тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, нәзік жандыларға қуаныш сыйлауды да ұмыт қалдырмады.
Аудан көшелерінде қызмет атқарған полиция қызметкерлері көлік тізгіндеген әйел жүргізушілерді арнайы тоқтатып, оларды көктемнің көрікті мерекесімен шын жүректен құттықтады. Күтпеген жерден айтылған жылы лебіздер мен шынайы тілектер көптеген жүргізуші арулардың көңілін көтеріп, жүздеріне күлкі сыйлады.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары әйелдерге гүл шоқтарын табыстап, жол қозғалысы мәдениетін сақтаудың маңыздылығын еске салды. Сонымен қатар, олар қоғамдағы әйелдердің рөлі ерекше екенін, отбасының берекесі мен тәрбиенің бастауында аналардың тұратынын атап өтті.
Мұндай игі бастаманың басты мақсаты – тек мерекелік көңіл күй сыйлау ғана емес, сонымен бірге полиция қызметінің халыққа жақын екенін көрсету, азаматтармен өзара сенім мен сыйластықты нығайту.
Көктемнің шуағындай мейірім мен жылулық сыйлаған бұл сәттер көптеген жүргізушілер үшін ұмытылмас әсер қалдырды. Мерекелік күнде гүл мен ізгі тілектерге бөленген нәзік жандылар тәртіп сақшыларына ризашылықтарын білдіріп, олардың жауапты қызметіне сәттілік тіледі.