
Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Үгіт-насихат тобының аға инспекторы полиция майоры Лайля Исламовна – ішкі істер органдарында көп жылдық тәжірибесі бар, өз ісіне адал қызмет етіп келе жатқан білікті мамандардың бірі. Ол тек қызметтік міндетін абыроймен атқарып қана қоймай, отбасында ардақты ана, аяулы әже ретінде де үлкен құрметке ие.
Лайляның ішкі істер органдарындағы еңбек жолы 2009 жылдан бастау алады. Қызметін кіші сержант лауазымынан бастаған ол сол уақыттан бері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында табанды еңбек етіп келеді. Қызмет жолының басым бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласымен тығыз байланысты. Бұл – үлкен жауапкершілікті, мұқияттылықты және кәсіби шеберлікті талап ететін сала.
17 жыл бойы жол қауіпсіздігін сақтау – тек қызметтік міндет қана емес, ол қоғамның тыныштығы мен азаматтардың өмірін қорғауға бағытталған маңызды миссия. Осы бағытта Лайля көптеген жылдар бойы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Әсіресе профилактикалық және ақпараттық жұмыстарда оның тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті айқын байқалады.
Бүгінде ол Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының Үгіт-насихат тобының аға инспекторы ретінде халықпен тығыз байланыс орнатып, жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Оның қызметіндегі басты мақсат – жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін арттыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ұзақ жылдар бойғы қызмет тәжірибесі оның кәсіби қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар жас қызметкерлер үшін үлгі болуына мүмкіндік берді. Әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, еңбекқор әрі адамгершілігі мол маман ретінде бағалайды.
Лайляның өзі де полиция қызметінің маңызы туралы ерекше ықыласпен айтады:
«Жол қауіпсіздігі – бұл тек полиция қызметкерлерінің ғана міндеті емес, ол – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші ережені сақтаса, талай қайғылы жағдайдың алдын алуға болады»,– дейді ол.
Қызмет жолында жинақталған тәжірибе, табандылық пен кәсібилік оның өмірлік ұстанымының айқын көрінісі. Сонымен қатар, ол отбасында мейірімді ана, қамқор әже ретінде ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп келеді.
Полиция қызметіндегі адал еңбек, қоғамдық қауіпсіздік жолындағы табандылық және адамгершілік қасиеттер – Лайля Исламқызының өмір жолын сипаттайтын негізгі құндылықтар. Оның еңбек жолы – Отанға адал қызмет етудің, жауапкершілік пен кәсібиліктің жарқын үлгісі.