
Мал ұрлығының алдын алу, қылмыстың бұл түрін дер кезінде анықтау және өңірдегі жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылдың 3–5 наурыз күндері Абай облысының аумағында «Мал ұрысы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу, мал шаруашылығы нысандарындағы қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ заңсыз мал және ет өнімдерінің айналымына тосқауыл қою бағытында кешенді жұмыстар атқарды.
Жедел-профилактикалық іс-шара аясында мал және ет өнімдерін тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарын анықтау және олардың құжаттарының заңдылығын тексеру мақсатында 805 автокөлік тексеруден өткізілді. Сонымен қатар өңірдегі 333 шаруа қожалығы, қыстақтар мен жайылымдық аумақтар тексеріліп, малдың заңды тіркелуі мен есепке алынуына ерекше назар аударылды.
Шара барысында ірі қара және қой малын ветеринариялық куәліксіз тасымалдағаны және тиісті құжаттарсыз саудалаған 23 тұлға анықталды.
Сонымен қатар іс-шара барысында қараусыз жайылып жүрген ауыл шаруашылығы жануарларын анықтау және оларды арнайы орындарға орналастыру бойынша да жұмыстар жүргізілді. Бүгінде Абай облысы аумағында қараусыз жүрген малдарды уақытша ұстауға арналған 116 арнайы қоралар ұйымдастырылған.
Полиция қызметкерлері жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында ауылдық елді мекендерде және дала аумақтарында бақылаусыз жүрген 170 бас ауыл шаруашылығы жануары анықталып, арнайы айыппұл тұрақтарына қамалды. Бұл шаралар малдың жоғалуын болдырмау, ұрлық фактілерінің алдын алу және мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында қолға алынған.
Аталған жедел-профилактикалық іс-шара өңірдегі мал ұрлығының алдын алу, заңсыз мал айналымына тосқауыл қою және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындарды малдарын қараусыз жібермеуге, оларды арнайы таңбалау және есепке алу талаптарын сақтауға, сондай-ақ малды тасымалдау кезінде барлық қажетті ветеринариялық және ілеспе құжаттарды рәсімдеуге шақырады. Бұл талаптарды сақтау мал ұрлығының алдын алуға және ауыл шаруашылығы саласындағы құқықтық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді.