
8 наурыз – нәзіктік пен мейірімнің, қайсарлық пен даналықтың мерекесі. Бұл күн – қоғамдағы әйелдердің еңбегін, олардың кәсіби жетістіктерін, отбасы мен ел болашағы үшін атқарып жүрген маңызды рөлін ерекше атап өтетін мереке. Бүгінде қазақстандық әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның түрлі саласында табысты қызмет етіп, үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді.
Соның айқын көрінісі – құқық қорғау саласында қызмет ететін батыл да білікті әйел қызметкерлер. Олар қоғамдық тәртіпті сақтауда, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, заң үстемдігін орнатуда ер азаматтармен қатар иық тірестіре еңбек етіп келеді. Осындай кәсіби шеберлігімен, батылдығымен және жауапкершілігімен ерекшеленетін қызметкерлердің бірі – Абай облысы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы полиция аға лейтенанты Камбаева Мадина Ерлановна.
Мадина Ерлановна – өз ісіне адал, тәртіп пен заңдылықты басты қағида еткен, қызмет жолында жоғары кәсібилігімен танылған маман. Арнайы жасақ қатарында қызмет ету – үлкен төзімділік пен физикалық дайындықты, сондай-ақ батылдық пен шапшаң шешім қабылдауды талап етеді. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген Мадина Ерлановна – полиция қызметіндегі әйелдердің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеп жүрген тұлғалардың бірі.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет ете жүріп, ол нәзіктік пен қайсарлықтың үйлесімін көрсетіп келеді. Оның қызметі – тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар қоғамға үлгі болу, жастарға патриоттық рух пен әділдіктің маңызын насихаттау.
Халықтың тыныштығын күзетіп жүрген Мадина бүгінде аяулы ана. Ұлының бойына елін сүюді, ар-намысты биік қоюды үйретіп келеді.
Мадина Ерлановнаның айтуынша:
«Полиция қызметі – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Бұл салада ер азаматтармен қатар әйелдер де өз міндетін адал атқарып, қоғам қауіпсіздігіне үлес қосып келеді. Әйел адам қандай салада болса да, өз кәсібіне шын берілсе, үлкен жетістікке жете алады деп сенемін. Ең бастысы – халыққа қызмет ету мен ел тыныштығын сақтау жолында әрқашан адал болу».
Қазіргі таңда полиция қатарындағы әйелдер құқық қорғау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Олар тек кәсіби міндеттерін орындап қана қоймай, қоғамдағы әділеттілік пен сенімділіктің қалыптасуына да үлес қосуда. Әйел полицейлердің сабырлылығы, жауапкершілігі мен адамгершілік қасиеттері азаматтармен жұмыс барысында ерекше маңызға ие.
8 наурыз мерекесі – осындай батыл да іскер әйелдерге құрмет көрсететін ерекше күн. Камбаева Мадина Ерлановна сынды қызметкерлер полиция жүйесінде әйелдердің орны ерекше екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Халық сенімін ақтап, Отанға адал қызмет етіп жүрген барлық әйел қызметкерлерге құрмет пен алғысымыз шексіз.