
Абай облысы аумағында орналасқан ойын-сауық орталығында орын алған өрт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы барлық қажетті шаралар жедел әрі үйлесімді түрде іске асырылды. Төтенше жағдай тіркелген алғашқы минуттардан бастап полиция қызметкерлері жоғары кәсіби даярлық пен жауапкершілік танытып, нақты әрі жүйелі әрекет етті.
Алғашқы ден қою күштері ретінде оқиға орнына 9 автопатруль экипажының нарядтары жедел түрде жіберілді. Патрульдік полиция қызметкерлері аумақты жедел қоршауға алып, эвакуациялау шараларын ұйымдастыруға және арнайы қызметтердің кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге кірісті. Сонымен қатар, жол қозғалысын шектеу және реттеу, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, дүрбелеңнің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілді.
Оқиға орын алған сәтте нысан аумағында кезекшілікте болып, қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқарып жүрген Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторлары полиция аға лейтенанты Қайыртай Бегайдар мен кіші сержант Санах Нұрислам – шұғыл түрде эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруға кірісті. Олар азаматтарды, әсіресе кәмелетке толмаған балаларды, сабырлық сақтауға шақырып, дүрбелеңге жол бермей, қауіпсіз аймаққа кезең-кезеңімен көшіру жұмыстарын үйлестірді. Қызметкерлердің батыл қимылы мен кәсіби шешімдері ықтимал ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Өрт орнына қосымша күштер тартылып, жалпы саны 80-ге жуық полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Қызметкерлер ғимарат маңындағы қауіпсіздік периметрін белгілеп, азаматтардың қауіпсіз аймаққа шоғырлануын қадағалады, сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерімен өзара тығыз іс-қимыл жасады.
Құқық қорғау органдарының жеделдігі мен үйлесімді әрекеті төтенше жағдай салдарын барынша азайтуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға елеулі үлес қосты. Әрбір қызметкердің кәсібилігі мен жауапкершілігі қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.