
Семей қаласында полиция мемлекеттен заңсыз жолмен тұрғын үй алып беру туралы уәдемен байланысты ірі көлемдегі алаяқтық фактісін тергеп жатыр.
Қаланың 36 жастағы тұрғыны 2025 жылғы тамыз айында 56 жастағы әйел мен оның 59 жастағы жұбайының банктік шотына 5 миллион теңге аударғанын айтып, полицияға арызданған.
Ерлі-зайыптылар жәбірленушіге кезексіз, мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беруге «мәселені шешіп» береміз деп уәде еткен.
Алайда уәде орындалмаған, аударылған қаражат жәбірленушіге қайтарылмаған.
Аталған дерек бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдіктілерден келу туралы міндеттеме алынған.
Полиция тағы да ескертеді: мемлекеттік тұрғын үй, әлеуметтік төлемдер немесе жеңілдіктер мәселесін заңсыз жолмен «шешіп беру» туралы ұсыныстар — қылмыстық жауапкершілікке апаратын тікелей жол. Делдалдарға сенбеңіздер және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіздер.