Абай облысында пәтерге қатысты алаяқтық сериясы: полиция 20 миллион теңгеге жасалған қылмысты әшкереледі

Абай облысында пәтерге қатысты алаяқтық сериясы: полиция 20 миллион теңгеге жасалған қылмысты әшкереледі

Семей қаласының полиция қызметкерлері пәтер алуға көмектесемін деп уәде берген алаяқтық әрекеттерге күдікті 56 жастағы жергілікті тұрғынды әшкереледі.

👮‍♂️Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғандай, 2025 жылдың тамыз айында әйел азаматтардың сеніміне кіріп, Семей қаласынан тұрғын үй рәсімдеуге көмектесуді ұсынған. Пәтерді жеделдетілген тәртіппен алып беруді сылтау етіп, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша қаражатын өзінің банк шоттарына аудартқан.

Тергеу барысында бірнеше адамның жәбірленгені белгілі болды. Үржар ауданының 32 жастағы тұрғыны алаяққа 8 500 000 теңге аударған. Ал Семей қаласының 55 жастағы тұрғыны 3 250 000 теңгесінен айырылған. Сондай-ақ 56 жастағы семейлік тұрғын 9 000 000 теңгені сеніп тапсырған. Күдіктінің әрекеттерінен келген жалпы шығын 20 миллион теңгеден асады.

Барлық эпизодтар бойынша күдікті кінәсін мойындаған. Алайда ұрланған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсап жібергендіктен ақшаны тәркілеу мүмкін болмады. Оның әрекеттері ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша сараланды.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын және өзге де ықтимал эпизодтарды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда.

‼️Полиция азаматтарға ескертеді:
жылжымайтын мүлік немесе басқа да қымбат активтерді сатып алу кезінде тек ресми әрі сенімді ұйымдарға жүгініңіздер. «Мәселені заңнан тыс шешіп беремін» деген ұсыныстар қаржылық шығынға және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.