Абай облысының полицейлері ҚХР азаматына жедел көмек көрсетті

Абай облысының полицейлері ҚХР азаматына жедел көмек көрсетті

Абай облысы аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызмет барысында полиция қызметкерлері шетелдік азаматқа дер кезінде көмек көрсетті.

🚚Семей қаласы бағытындағы Семей–Ресей Федерациясы тас жолында Қытай Халық Республикасының азаматы басқарған автокөлік жүргізуші тізгінге ие бола алмай, көлік жол жиегіне шығып кеткен. Абырой болғанда, жол-көлік оқиғасы орын алмаған, алайда автокөлік өздігінен қозғала алмай, жүргізуші қарға батып қалған.

👮‍♂️Оқиға орнына жақын маңда патрульдеу қызметін атқарып жүрген полиция экипажы жедел жетті. Тәртіп сақшылары ең алдымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, басқа көлік құралдары үшін ескерту шараларын ұйымдастырды. Кейін арнайы техниканың көмегімен автокөлік жолдың қауіпсіз бөлігіне шығарылып, жүргізушіге қажетті практикалық көмек көрсетілді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері шетел азаматына жол жағдайы, қозғалыс ережелері және алдағы бағыт бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қызмет барысында кәсібилікпен қатар адамгершілік қағидаттары да айқын көрініс тапты. Тәртіп сақшылары жүргізушінің көңіл күйіне назар аударып, оның өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасады. Осындай жедел әрі үйлесімді әрекеттің нәтижесінде ықтимал қауіптің алдын алу мүмкін болды.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының азаматы көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді:

«Қазақстанның жол полицейлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Бейтаныс елде қиын жағдайға тап болған сәтте жедел көмек көрсетіп, кәсіби қолдау білдірді. Мұндай жауапкершілік пен жанашырлық ерекше құрметке лайық», – деді шетелдік жүргізуші.



Аталған жағдай жол бойындағы қауіпсіздік тек техникалық бақылаумен шектелмейтінін, оның артында адамдардың жедел шешімі мен азаматтық жауапкершілігі тұрғанын көрсетеді. Полиция қызметкерлерінің уақтылы әрекеті жүргізушінің сапарын қауіпсіз жалғастыруына мүмкіндік берді.