
Абай облысында жас полиция қызметкерлерімен бағытталған бес күндік оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, өткізілді. Жиынның басты мақсаты – қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, тәртіпті нығайту және олардың қызметтік міндеттерді орындауға дайындық деңгейін жоғарылату болып табылады.
Жиын барысында қатысушыларға әртүрлі бағыттар бойынша кешенді дайындық ұйымдастырылды. Арнайы оқу бағдарламасы атыс дайындығы, шеру дайындығы, дене шынықтыру және күреске қатысты практикалық және теориялық сабақтарды қамтыды. Сонымен қатар, қызметкерлерге формалық киімді кию ережелері, күдікті адамдар мен көліктерді тексеру тактикасы, алғашқы медициналық көмек көрсету, психологиялық тұрақтылық және арнайы тактикалық әрекеттерге қатысты арнайы тренингтер жүргізілді.
Оқу-жаттығу бағдарламасы сонымен қатар құқық бұзушылардың қарсылық көрсету жағдайларын, оларға дене жарақатын келтіру фактілерін бейнематериал арқылы талдау және бағалау сияқты практикалық тапсырмаларды да қамтыды. Қатысушылардың назарында алкоголь мен есірткі заттарын қолдануды алдын алу мәселелері, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған тақырыптар болды.
Бес күндік оқу-жаттығу жиындарының нәтижесінде жас қызметкерлердің кәсіби дағдылары мен тактикалық дайындық деңгейі айтарлықтай артты. Сонымен қатар, жиын тәртіпті күшейтуге, командалық өзара іс-қимылды жетілдіруге және қызметкерлердің қауіпсіздік шараларын тиімді орындауға мүмкіндік берді. Бұл іс-шара қызметкерлердің жеке дайындығын, кәсіби сенімділігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жауапкершілігін одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.