Абай облысында жоғалған бала 15 минут ішінде табылды: полиция қызметкерлерінің кәсіби әрекеті

Абай облысында жоғалған бала 15 минут ішінде табылды: полиция қызметкерлерінің кәсіби әрекеті

Ағымдағы жылдың 25-і күні қала тұрғыны полицияға хабарласып, 8 жастағы ұлының көліктен түсіп кетіп одан көз жазып қалғанын хабарлаған.

Анасының сөзінше:
«Балам бір сәтте көзден таса болды, оның қай жаққа кеткенін түсіне алмадым. Сол сәтте жүрегім дүрсілдеп, бір-ақ ой келді – тезірек полицияға хабарласу керек!»

👮‍♂️Оқиға орнынан хабарлама түскен бойда кезекші бөлім дереу патрульдік экипаждарды бағыттады. «Барыс-615» экипажының қызметкерлері – Сейткалиев Аслан мен Мушарапов Қуанышбек және «Барыс-653» экипажының қызметкерлері – Оразғалиев Жасұлан мен Акешев Арман оқиға орнына жедел жетті.

🚔Полиция қызметкерлері бірден аумақты, жақын маңдағы аулаларды, балалар алаңдарын, дүкендер мен қоғамдық орындарды мұқият тексеруге кірісті. Әр минуттың маңыздылығын ескерген тәртіп сақшылары іздеу жұмыстарын үйлесімді әрі жүйелі түрде ұйымдастырды.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер 15 минут ішінде баланы жақын маңдағы дүкендердің бірінен тапты. Полиция қызметкерлері бірінші кезекте оның жағдайын тексерді. Бала аман-есен, денсаулығы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төнбегені анықталды.

Анасы баласын көрген сәтте сезімін былай жеткізді:
«Мен үшін бұл сәт – өмірдегі ең бақытты сәттердің бірі. Полицейлерге алғысым шексіз! Олар баламды табуға бірден кірісті, әрбір әрекеті кәсіби әрі жылдам болды. Егер полицияға уақытында хабарласпасақ, не боларын елестете де алмаймын...»

Ал полиицейлер болса:
«Жылдамдық пен үйлесімділік – осындай жағдайларда ең басты фактор. Біз ақпаратты алған бойда бірден іске кірістік, әрбір ықтимал бағытты мұқият тексердік. Бала табылған сәтте бәріміз бір жеңіске жеткендей сезіндік. Мұндай істер бізге балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет еске салады.»-, деп ойларымен бөлісті.

Аталған жағдай – Абай облысының полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін, жүйелі жұмысын және азаматтардың қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін айқын көрсетеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы үйлесімді жұмыс – азаматтардың тыныштығы мен сенімінің кепілі.

‼️Абай облысы Полиция департаменті барлық ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға, қоғамдық орындарда олардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады. Төтенше жағдай орын алған сәтте уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына хабарласу – оң нәтижеге қол жеткізудің басты кепілі болып табылады.